Тобықтан ұзын киім харам!

Еркек адамға; мейлі ол арабтың көйлегі ме, (мейлі қазақтың шапаны ма), осы заманғы плащъ па, еуропаның шалбары ма, кез келген киімді тобықтан төмен түсіріп ұзын киюге харам етілген. Көптеген адамдар білімсіздіктен, әлде тәкәппарлықтан мұны жоққа шығарып адамдарды адастыруда.
Киімді тобықтан төмен түсіріп кию екіге бөлінеді;
Біріншісі; Тәкәппарлықпен киімді тобықтан төмен түсіру.
Екіншісі; Ешқандай тәкәппарлықсыз жай ғана тобықтан төмен түсіріп кию.
Бұның екі түрі де харам етілген, алайда екіншісі біріншісінен жеңілірек. Мысалы, бір кісі ойнас жасаса харам етілген күнә. Ал егер ол кісі әйелінің сіңлісі, әлде туған қарындасымен зина жасаса ол одан да ауыр харам күнә. Киімді тобықтан төмен түсіріп киюдің екі түрінің де үкімі осыған ұқсас.
Киімді тәкәппарлықпен тобықтан төмен түсірушілер туралы хадис;
Абдуллаһ ибн Омар радиаллаһу анһу Пайғамбарымыз саллаллаһу аләйһи уәссәләмнан жеткізеді; «Ақиқатында, киімін тәкәппарлықпен жерге сүйреткен кісіге, ахирет күні Аллаһ назарын салмайды». (Бухари, Муслим). Бұл киімін тәкәппарлықпен төмен түсіріп киюшіге қатысты хадис. Ал киімін еш тәкәппарлықсыз, жай ғана тобықтан төмен түсіріп киюшілердің жағдайы ауыр болатынын көрсететін хадистерге не дейміз. Адамдардың көбісі бұл турасында тек Әбу Бәкірдің хадисі ғана деп ойлайды. Субханаллаһ, бұл хадистің өзінде олар үшін ешқандай дәлел жоқ.
Киімдерін еш тәкәппарлықсыз, жай ғана тобықтан төмен түсіріп киюдің өзі харам екені туралы хадистердегі үкімдер; Омар ибн Шаридтен радиаллаһу анһу жеткен хадисте былай делінеді; Аллаһтың Елшісі саллаллаһу аләйһи уәссәләм киімі ұзын бір кісіні көріп, «Аллаһтан қорық, киіміңді (жоғары) көтер)» деп бұйырды. Міне көрдіңіздер ме, Пайғамбар саллаллаһу аләйһи уәссәләм «киіміңді көтер» деп бұйырды және ол сахаба «мен тәкәппарлықсыз, жай ғана тобықтан төмен түсіріп киіп жүрмін, сені тыңдамаймын Аллаһтың Елшісі, әлі де осылай жүре беремін» деп айтқан жоқ. Ал сіз айтар ма едіңіз? Ал сіз айтар болсаңыз сізге мына хадисті келтірейік;
Бір күні Пайғамбар саллаллаһу аләйһи уәссәләм, сол қолымен тамақ жеп отырған кісіні көріп, «оң қолыңмен же» деп бұйырды. Ол «жей алмаймын» деді. Ол жей алса да бағынудан бас тартты. Сонда Пайғамбар саллаллаһу аләйһи уәссәләм оған не деп айтты? Бір ауыз сөз; «рас сен жей алмайсың» деді. Содан кейін ол адам өмір бойына оң қолын аузына апара алмады.(Муслим).
Себебі не?; Себебі Аллаһ ол оң қолымен жей алса да тәкәппарлықпен бағынбағаны себепті, оң қолын жансыз қылып семдіріп тастады. Бауырым хадис келгеннен кейін, Аллаһтың Елшісіне саллаллаһу аләйһи уәссәләм бағынбасаң, Аллаһ тарапынан зауал жетуінен қорқу керек.
Әбу Зарр жеткізген хадисте былай делінеді;
Аллаһтың Елшісі саллаллаһу аләйһи уәссәләм, айтты; «Қиямет күні Аллаһ үш түрлі адаммен сөйлеспейді, оларға қарамайды, оларды тазартпайды және оларды ауыр азапқа ұшыратады». Аллаһтың Елшісі саллаллаһу аләйһи уәссәләм, бұл сөзді үш рет қайталады.
Сонда Әбу Зарр; «Бұл жолы болмай бақытсыздыққа ұшыраушылар кімдер, я Аллаһтың Елшісі?» – деп сұрады.
Ол; «Киімін жерге дейін (тобықтан) төмен түсіруші, жасаған жақсылығын бетке соғып бұлданушы және саудада өтірік антпен тауарын өткізуші» деп жауап берді. (Муслим)
Қайса бин Бишра ат-Тағлиби айтады;… Бірде Ибн әл-Ханзалийә радиаллаһу анһу, тағы біздің қасымыздан өткен кезде, Әбу ад-Дарда радиаллаһу анһу; «Бізге пайда келтіріп, өзіңе де зиян тигізбейтін сөз айтшы» деп өтінді. Ол былай деді; «… Бірде Аллаһтың Елшісі саллаллаһу аләйһи уәссәләм; «Хураймә әл-Усайданы тамаша адам деп айтуға болар еді. Тек ол ұзын шаш қойып және етегі ұзын киім киіп жүргені болмаса», — деді, мұны естіген Хурайм, жедел түрде шашын құлағына дейін қысқартып, ал киімін балтырының ортасына дейін көтерді». (Ахмәд, Әбу Дәуд, Муслим).
Айша радиаллаһу анһәдан жеткен хадисте; «Тобықтан төмен болғанның бәрі отта» (Ахмәд, Наса’и) делінеді.
Әбу Хурайрадан радиаллаһу анһу имам Әбу Дәуд сахих деп мына хадисті жеткізеді; Бірде (киімін тобығынан) төмен түсірген бір адам намаз оқыған кезінде Аллаһтың Елшісі саллаллаһу аләйһи уәссәләм оған; «бар да дәрет ал!» деп әмір берді. Ол адам барып дәрет алды да қайтып келді, бірақ пайғамбар саллаллаһу аләйһи уәссәләм оған тағы да; «бар да дәрет ал!» деп әмір етті. Сол жерде отырғандардың бірі; «Иә Аллаһтың Елшісі, сен неге оған дәрет ал дейсің де, одан кейін ол туралы еш нәрсе айтпайсың» деп сұрады. Пайғамбар саллаллаһу аләйһи уәссәләм; «Ақиқатында ол намазды (киімін тобығынан) төмен түсіріп оқыды, ал Аллаһ (киімін) төмен түсірушінің дұғасына жауап бермейді» деді. (Бұл хадисті Муслимнің талаптарын қанағаттандыратын иснадпен Әбу Дауд жеткізеді). Алайда кейбір хадис ғалымдары бұл хадисті әлсіз деген екен.
Бидағатшылардың айтуы бойынша екі даъиф хадисті бір-біріне қосу арқылы күшейтуге болады екен. Мысалы, олардың айтуынша дұғадан кейін бет сипау туралы екі даъиф (әлсіз) хадисті бір-біріне қосып хасан (жақсы) дәрежесіне жеткізуге болады екен. Ендеше киімнің тобықтан төмен болғаны отта болатыны туралы соншама сахих хадистерге бұл жалғыз әлсіз хадисті қоссақ қай дәрежеде болмақ. Сөйтіп бұл хадис даъиф деген бидағтшыларға өз сөздерімен тойтарыс беруге болады.
Джәбир ибн Суләймә радиаллаһу анһу ға бірде Пайғамбар саллаллаһу аләйһи уәссәләм былай деді; «Киіміңді балтырыңның ортасына дейін көтер. Егер мұны қаламасаң тобығыңа дейін түсіруіңе болады. Бірақ ешқашан тобығыңнан төмен түсірме. Киіміңді жай тобықтан төмен түсірудің өзі, тәкәппарлық боп табылады» (Әбу Дәуд, Тирмизи, Ахмәд). Ешқандай тәкәппар өзін ешқашан тәкәппармын деп айтпайды. Киімді жай ғана тобықтан төмен түсіріп киюдің өзі, кісінің тәкәппарлығының белгісі екндігіне осы хадис дәлел. Ақиқатында, киімін тобықтан төмен киюшілерді Аллаһ сүймейді.
Әбу Саъид әл-Худриден жеткен хадисте, Аллаһтың Елшісі саллаллаһу аләйһи уәссәләм, былай дейді; «Мұсылман киімін тек балтырының ортасына дейін ғана түсіріп кие алады, алайда егер қаласа, тобығына дейін түсіруге рұқсат. Ал тобықтан төмен болғанның бәрі отта болады. Кімде-кім тәкәппарлықпен киімін сүйретсе, Қияметте Аллаһтың назарынан тыс қалады». (Әбу Дауд, ән-Науауидың «Рийад ас-Солихин» кітабы, 799-хадис).
Муғир ибн Шәйба радиаллаһу анһу жеткізеді; «Мен Аллаһтың Елшісінің саллаллаһу аләйһи уәссәләм Суфиән ибн Сахлге қарап″О Суфиән ибн Сахл, киіміңді тобықтан төмен түсірме, ақиқатында Аллаһ киімін тобықтан төмен түсірушілерді сүймейді″ дегенін естідім.
Абдуллаһ ибн Аббастан радиаллаһу анһу риуаят етіледі; «Киімін тобықтан төмен еткен пендеге, қияметте Аллаһ Та’алә назарын салмайды»(Ахмәд, Наса’и, Әбу Шәйбә).
Абдуллаһ ибн Омар радиаллаһу анһу, айтады; «Бірде мен етегі ұзын киіміммен Аллаһтың Елшісінің саллаллаһу аләйһи уәссәләм, қасынан өткенімде ол маған; ″Иә Абдуллаһ, киіміңді көтер!″ деп бұйырды. Мен киімімді жоғары тартып ем, ол, саллаллаһу аләйһи уәссәләм; ″Тағы!″ деді. Мен тағы көтердім де, содан бері киімімді солай киюге тырысамын». Одан біреу; ″Қай шамаға дейін?″ деп сұрап еді, ол; ″Балтырымның ортасына дейін″ деп жауап берді. (Муслим. Имам ән-Нәуәидың «Рийад ас-Солихин» кітабы, 800ші хадис).
Ал тек «тобықтан төмен отта болса жеңіл ғой» дейтін дейтін бауырларға айтарымыз мына хадис; Нуъмән ибн Бәшир радиаллаһу анһудан имам Бухари мен Муслим жеткізеді; Аллаһтың Елшісі саллаллаһу аләйһи уәссәләм айтты; «Ақиқатында, ахиретте тозақ тұрғындарының ішінде ең жеңіл жазаға тартылатынның табанына қызуына миы қайнайтын шоқ бастырылады. Сонда ол жазасының ең жеңіл болғанына қарамай, өзінен басқа ешкім олай қиналып жатқан жоқ деп ойлайды».
Аллаһтың Елшісі саллаллаһу аләйһи уәссәләм; «әйелдерге ұқсаған еркектер мен, еркектерге ұқсаған әйелдерді лағынеттеген». Кез келген киімді тобықтан төмен түсіріп кию, әйелдерге еліктеушілік боп табылады. Бұған дәлел мына хадис;
Абдуллаһ ибн Омардан радиаллаһу анһу риуаят етіледі; «Киімін тобықтан төмен түсіріп киген пендеге, қиямет күні Аллаһ назарын салмайды» делінгенде, Үммі Сәләмә радиаллаһу анһә; «Иә Аллаһтың Елшісі саллаллаһу аләйһи уәссәләм, біздер, әйелдер жерге сүйретіліп жүргендерімізді (етек )не істеуіміз керек?» деп сұрады. Пайғамбар саллаллаһу аләйһи уәссәләм; «(тобықтан төмен) бір алақанға ұзартсын» деді. Үммі Сәләмә радиаллаһу анһә; «Аяқтарымыз ашылып (көрініп) қалу мүмкін ғой» дегенде, Пайғамбар саллаллаһу аләйһи уәссәләм; «Онда бір шынтаққа ұзартсын, одан артық ұзартпасын» (Әбу Дәуд, ат-Тирмизи) деп бұйырды. Міне бұл хадисте еркектерге киімін тобықтан төмен түсіруге тиым, ал әйелдерге ұзартуға бұйрық бар. Сондықтан да атақты Құран тәпсіршісі ат-Табари; «киімді әйелдерге ұқсатып кию харам» дейді.
Ал Әбу Бәкір радиаллаһу анһуден жеткен хадиске келсек, ғалымдардың айтуынша бұл хадисте киімді тобықтан төмен түсіріп киетін еш дәлел жоқ. Бұл хадисте былай делінеді; «Иә Расулуллаһ! Менің киімім кейде тобығымнан төмен түсіп кетеді. (Есіме түскенде) дереу көтеріп аламын». Сонда Аллаһтың Елшісі саллаллаһу аләйһи уәссәләм; «Сен бұны тәкәппарлықтан істеушілерден емессің» деді. Әһли Сүннеттің фиқһ ғалымдарының айтуынша бұл жерде бірнеше мәселе бар;
Бірінші мәселе; Бұл жөнінде Пайғамбар саллаллаһу аләйһи уәссәләм айтқаннан соң Әбу Бәкір киімін ұзартты ма немесе тобықтан төмен түсуімен қалдырды ма? Жоқ, Әбу Бәкір киімін ұзартпады және хадисте өзі былай деді; «Дереу көтеріп аламын».
Екінші мәселе; Әбу Бәкір мақтауға лайық адам, сол себепті Пайғамбар саллаллаһу аләйһи уәссәләм, «Сен бұны тәкәппарлықтан істеушілерден емессің» деп мақтады. Ал киімін ұзартушы бауырым, сені кім мақтады? Мен тәкәппарлардан емеспін деп өзіңді-өзің мақтадың ба? Өзімді-өзім білемін десең, Әбу Бәкір өзін-өзі білмейтін бе еді, сен одан да артық білемісің? Әбу Бәкір киімін тобықтан төмен түсіріп киюшілердің ахиреттік жағдайын жақсы білді, сол себепті ахиреті үшін қауіптенді.
Омар ибн Хаттабтың радиаллаһу анһу шәһид болар алдында да киімнің ұзындығына қатысты сөздер насихат еткен екен. Мүшірік намазда ту сыртынан қанжар салып өлімші етіп жаралағаннан соң, Омардың халін білмекке бір жас жігіт келіп кірді. Сөйтіп ол Омардың жетістіктерін айтып мақтай бастағанда, оның киімінің тобықтан төмен ұзын екенін көрген Омар; «Ей бауырымның баласы. Киіміңді (тобығыңнан) жоғары көтер. Ақиқатында, бұл өзіңнің тақуалығың үшін және киіміңнің тазалығы үшін жақсырақ» (Ахмәд) деген. Бұл ұсақ-түйек нәрсе болса, қан-жоса боп өлімші халде жатқан Омар осынша мән берер ме еді?
Тағы бір риуаятта; «Омар радиаллаһу анһу киімі тобықтан төмен түскен кісіні көріп, өзіне пышақ әкелуді бұйырады. Әлгі адамды ұстап алып тобықтан төмен болмайтындай етіп киімін кесіп тастағаны туралы айтылған». Аллаһтың Елшісі саллаллаһу аләйһи уәссәләм «Мұсылманның ар-намысы, дүниесі қасиетті» деген. Киімді тобықтан төмен түсіріп кию жай нәрсе болса, Исламдағы ең әділетті адамдардың бірі Омар біреудің мүлкін пышақпен кесіп, бүлдіріп, қолын сұғар ма еді?
Ақиқатында құтылатын жол біреу ақ. Ол Құран мен Сүннетке және діндар халифаларға ілескен сахабалар және оларға жақсылықпен ілескендердің жолы.
